Бүгін 28.11.2025ж №72 мектеп-лицейінің «Физика және информатика» әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Заманауи білім бейнесі» атты «Смарт бала» ғылыми жобалар байқауы биыл ерекше серпінмен өтті. Физика және информатика пәндерінен қатысқан оқушылар экология, ғылыми зерттеу, жасанды интеллект, техникалық шығармашылық және робототехника бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынды. Әр жоба — оқушының ізденісі мен қиялын бір арнаға тоғыстырған шағын зертхана секілді.
Экология бағыты бойынша табиғатты қорғауға арналған тиімді шешімдер ұсынылды. Оқушылар қалдықтарды өңдеу, энергияны үнемдеу және қоршаған ортаны сақтауға қатысты нақты жобалар жасап, жаңашыл идеяларын дәлелді түрде қорғады.
Ғылыми және техникалық жобаларда қатысушылар түрлі тәжірибелер жүргізіп, ғылыми әдіснаманы қолдана отырып, нәтижелерін жүйелі түрде көрсете білді. Ал жасанды интеллект бағыты бойынша оқушылар алгоритмдер, модельдер және деректерді талдау арқылы заманауи цифрлық әлемнің мүмкіндіктерін ашты.
Робототехника саласында да оқушылар өз шеберлігін танытып, робот үлгілерін құрастырып, олардың жұмысын көрсетті.
Байқау жалпы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар өз жұмыстарын сенімді қорғап, қазылар алқасы мен көрермендерге білімге деген қызығушылық пен ұмтылыстың жаңа тынысын сезіндірді. Бұл шара оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, болашақта үлкен ғылыми бастамаларға жол ашты.



